«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.»
(«Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк.»)
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi

Айзада Галиева: Мен өзімді мұнай-газ-химия саласынан басқа жерде елестете алмаймын

8 Наурыз
2024
Айзада Галиева: Мен өзімді мұнай-газ-химия саласынан басқа жерде елестете алмаймын
Айзада — КРІ компаниясының өндірісті басқару қызметінің жетекші инженері. Мұнайшылар әулетіне өмірге келген Айзада болашақ мамандығын бала кезде-ақ таңдап қойған. Мектепті аяқтағаннан кейін Алматы қаласына Қазақ Ұлттық техникалық университетінің органикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығына оқуға түсіп, 2012 жылы бакалавр дәрежесіне ие болды.

-Біздің үйде бәрі мұнай-газ саласында қызмет етеді. Бала кезден көргенім де, танығаным да мұнайшылар болды. КРІ компаниясына 2023 жылы 20 ақпанда өндіріс басқару бөліміне инженер болып жұмысқа орналастым. Реагенттер мен қаптама материалдың тұтыну нормасын, нақты шығынын бақылаймын. Жұмыста неше түрлі мәселені шешуге тура келеді. Сонысымен де жұмысымыз қызық әрі қиын,-дейді ол.

Айзада бірнеше айдан бері әріптестерімен бірге КРІ-дың қолдауымен ұйымдастырылған тегін ағылшын тілі курсына қатысып жүр. Курс тіл үйренуге ғана емес, әріптестермен жұмыстан тыс уақытта да қарым-қатынасымызды нығайтуға көмектесетінін айтады.

-КРІ мамандардың біліктілігін арттырып, дамуына үлкен мән береді. Одан бөлек, 2 жасар қызымның балабақшасының ақшасын төлейді. Компанияның бізге көрсетіп отырған қолдауы әрі қарай дамып, мол ізденуге мүмкіндік береді. Менің бос уақытым аз, бірақ сенбі-жексенбі күндері техникалық-программалық мүмкіндіктерімді дамытуға бағытталған курстарға қатысамын,-дейді Айзада Ерланқызы.