«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.»
(«Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк.»)
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi

Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің екі студенті КРІ зауытынан дуалды оқыту бойынша практикадан өтіп жатыр

31 Қаңтар
2024
Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің екі студенті КРІ зауытынан дуалды оқыту бойынша практикадан өтіп жатыр
Нұрсұлтан Рахметуллаұлы мен Ернар Амангелиев Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің 3 курс студенттері. Екеуінің де болашақ мамандығы – электр жабдықтарын монтаждаушы. Бүгінде олар КРІ газ химия кешенінде теориялық білімдерін арттырып, практикамен ұштастырып, дуалды оқыту бойынша тәжірибеден өтуде. Бұл екі студент КРІ кешені мамандары дуалды оқыту бойынша өткізген іріктеуде жақсы нәтиже көрсеткен.

-Былтыр шілдеде Мақат мұнай-газ колледжімен өзара ынтымақтастық пен дуалды оқыту бойынша меморандумға қол қойдық. Студенттер техникалық аспектілерімен танысып қана қоймай, өз білімдерін іс жүзінде бекітіп жатыр. Студенттер дуалды оқыту аяқталған соң бос вакансия болған жағдайда өздерін үміткер ретінде ұсына алады. Қазір тек екі студент практикадан өтіп жатса, биыл Атырау мұнай газ университінен бес студентті дуалды оқыту бойынша қабылдауды жоспарлап отырмыз-, дейді өндірістік персоналды оқыту және дамыту бөлімінің  бас маманы Асел Ермекова.

Қыркүйекте басталған дуалды оқыту 9 ай бойы жалғасады. Олар зауытта тәжірбие жинап қана қоймай, алғашқы жалақыларын да осы жерден алады. Яғни, дуалды оқудан өтіп жатырған студенттерге мемлекет бекіткен ең төменгі жалақы көлеміне еңбек ақы төленеді.

-КРІ кешені еліміздегі жаңа технологиялармен цифрланған тұңғыш зауыт. Қазір студенттер инновациялық жабдықтарда жұмыс істеуді қызығушылықпен үйреніп жатыр. Біз де білгенімізбен бөлісіп, бағыттап жібереміз, – дейді КРІ ЖШС маманы Байшеркешов Еркінбек.

Қыркүйектен бері зауыт мамандарынан тәлім алып, өз білімін шыңдап жатқан студент Ернар болашақта зауытта осындай жас әрі маңызды жобада жұмыс істегісі келетінін айтады.

-Біз группаласым Нұрсұлтан екеуіміз зауытқа келгелі өз мамандығымыз бойынша көп жаңа дүниені үйреніп жатырмыз. Мұндағы тәлімгерлеріміз де, қызметкерлер де бізді қызықтырған барлық сұраққа жауап беріп, қолдау көрсетуде. Бізге дуалды оқу бойынша осы мүмкіндікті берген колледжіміздің ұжымына және КРІ  кешенінің басшылығына алғысымыз шексіз,-дейді Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің Ернар Амангелиев.