«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.»
(«Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк.»)
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi

Азамат Кашимов: Қазіргі жетістікке еңбек пен білімнің арқасында жеттім

19 Қаңтар
2024
Азамат Кашимов: Қазіргі жетістікке еңбек пен білімнің арқасында жеттім
Азамат Кашимов — КРІ компаниясындағы білікті мамандардың бірі. Ол Сафи Өтебев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде білім алды. Оқуды аяқтаған соң еңбек жолын АМӨЗ-де механикалық жөндеу цехының технологиялық қондырғыларды сыртқы жөндеу жөніндегі слесарь шебері болып бастады.

-Дипломымды қолыма алған бойда қаламыздағы мұнай өңдеу зауытына түйіндемемді жібердім. Маған ол кезде мені қандай маман етіп алатыны, қандай жалақы беретіні маңызды болмады. Менің сол уақыттағы басты мақсатым ел экономикасына сүбелі үлес қосатын мұнай-газ саласындағы зауыттардың біріне жұмысқа тұру болды. Себебі кейін осы салада тәжірибе жинап, еңбекқорлығымның арқасында әрі қарай өсетініме сенімді болдым-,дейді ол.

Ойлағанындай-ақ, Азаматтың білімі мен біліктілігін көзі қырағы басшылық бірден байқаған. Ол аталмыш зауытта 13 жыл ішінде  түрлі қызметте жұмыс істеп, аға оператор лауазымына дейін өскен. Өзінен кейінгі жас мамандарға тәлімгер болып, басшылық тарапынан бірнеше рет алғыс хатпен марапатталды.

-2022 жылдың тамызында газ-химия кешеніне жас мамандарды жұмысқа алып жатқанын естіп, түйіндемемді алып, қызметкерлері басқару  бөліміне аяқтай бардым. Кейін олар екі рет онлайн, бір рет офлайн сұхбат ұйымдастырып, инженер-технолог ретінде жұмысқа шақырды. Мамандығым өзіме ұнайды.
Өнім сапасының кәсіпорын стандартына сәйкестігін бақылау, сынамаларды іріктеу жиілігі, реагенттерді есепке алу және есептен шығару және т.б көптеген жұмыспен айналысамын. Елдегі ең алғаш газ-химиялық кешен болғасын қызық пен қиындық бірге жүреді. Сол себепті басқа кәсіпорындармен салыстырғанда ерекшелік бар. КРІ-дан 15 жылдық еңбек өтілімде кездеспеген жаңа тәжірибе жинадым,-дейді Азамат.

Азаматтың айтуынша, жаңа, оған қоса, газ-химия бағытындағы алғашқы зауыттың тұрақты режимге көшуіне және процесті реттеуге уақыт қажет. Оның бәрі оңай жұмыс емес.

-Біздің зауыт әлеуметтік жобаларды, мұнай-химия саласы мамандары күніне арналған турнирлерді де ұмытпайды. Барлық шараға белсенді қатысуға тырысамын. Осы компанияға келіп,  “Француз ауданынан”  3 бөлмелі жаңа пәтердің иесі атандым. Компания балаларымның қосымша білімдерін төлейді. Бұның бәрі – біз үшін үлкен мүмкіндік,-дейді жас маман.

Азамат тек қана инженер-технолог емес, компанияға жаңадан қабылданған жұмысшыларға тәлімгер. Сонымен қатар PDH өндірісінің цехтық комитетінің төрағасы. Жұмысқа орналасқан бір жыл жарым ішінде Тәуелсіздік күнінде Кәсіподақтың Алғыс хатымен және Кәсіподақ Алғыс хатымен марапатталған.

-КРІ экономканың дамуына үлкен үлес қосып жатыр. Зауыт іске қосылғалы жаңа жұмыс орындары құрылды, елдің экспорттық әлеуеті көтеріліп, импортқа тәуелділігі азайды. Қазіргі жетістікке еңбек пен білімнің арқасында жеттім. Бұның бәрі аспаннан салбырап түспеді. Алдағы уақытта КРІ кешенінің өрлеп, өсуі үшін еңбек етіп, өзім де зауытпен бірге дами беремін деген ойдамын,-дейді РDH өндірісінің инженер-технологы Азамат Кашимов.