«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.»
(«Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк.»)
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi

Қазақстандағы алғашқы «цифрлы» зауыт мамандарын даярлауда

23 Шілде
2021
Қазақстандағы алғашқы «цифрлы» зауыт мамандарын даярлауда
Атырауда бірегей «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы аяқталуға жақындап келеді. Ол Қазақстандағы алғашқы цифрландырылған кәсіпорын болмақ. Жоғары технологиялық өндіріс басында жүретін мамандарға деген талап та жоғары болатыны түсінікті, сондықтан оларды даярлау өндірісті іске қосу мерзімінен жыл жарым уақыт бұрын басталып кетті. Бұл үшін KPI-да компьютерлік оқу-жаттығу кешендерінде оқыту енгізілді.

Естеріңізге салсақ, KPI Теңіз кенішінен жеткізілетін пропанды өңдей отырып, түйіршіктелген полипропилен шығарады (жобалық қуаты - жылына 500 мың тонна). Аталған өнім Еуропа Одағы, Таяу Шығыс елдерінде, Қытайда, Ресейде және басқа да өңірлерде сұранысқа ие. Полипропилен машина құрастыру, медицина, электротехника саласында, қаптама материалдарын, қораптар, талшықтар, тұрбалар, кеңсе тауарларын, тұрмыстық техникаларды және т.б. өндіруде кеңінен қолданылады. Полипропилен түйіршіктерін өңдеу салыстырмалы түрде қарапайым, сол себепті соңғы өнім құны жоғары басқа полимерлермен бәсекелесе алады. Атыраудағы зауытта бастапқы кезде полипропиленнің 11 маркасын шығару жоспарлануда, кейін өндірістің мүмкіндігіне орай ассортимент 64 маркаға дейін көбейтіледі.

Мұнай өңдеу және мұнай-химия өндірістерінде технологиялық қондырғылар үлестірмелі басқару жүйесінің көмегімен басқарылады. KPI-да пропанды дегидрлеу және пропиленді полимерлеу қондырғылары бар. Пропанды дегидрлеу қондырғысында Теңізден келетін пропан пропиленге айналады, ал екінші қондырғыда күнделікті тұрмыста қолданатын полипропиленге айналады.
Ал, кәсіпорынды іске қоспас бұрын үлестірмелі басқару жүйесінің операторларын қалай даярлайды? Бұл жағдайда компьютерлік оқу-жаттығу кешендері тиімді шешім болды. Мәселен, пропиленді полимерлеу қондырғысының операторлары апаттық жағдайдан шығу үшін қандай шаралар қабылдауы керек – оны компьютерлік имитация көмегімен үйренеді. Мақсат – барлық операторларды технологиялық процесті игеруге тарту, жұмылдыру. Қазіргі кезде компьютерлік кешендерде 40 маман жаттығуда.

«ҚазМұнайГаздың» цифрлық трансформациясы аясында енгізілген компьютерлік оқу-жаттығу кешендері осыған дейін Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында сәтті іске асты. KPI үшін компьютерлік кешендерді кәсіпорынның технологиялық процестерінің лицензиары болып табылатын америкалық Lummus Technology компаниясы дайындады.

- Бұл жаттығу кешені зауыттың технологиялық қондырғыларының функцияларын толықтай қайталайды. Қызметкерлер виртуалды режимде процестерді басқара алады, штаттан тыс жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйренеді, сонымен қатар күрделі жағдайларда жедел шешім қабылдауға бейімделеді, - дейді «KPI Inc.» ЖШС пропиленді полимерлеу өндірісінің басшысы Данияр Есембаев. – Қазір оқу топтарында нұсқаушының басшылығымен бір мезетте 5 оператордан жаттығады. Осылайша, олар өз білімдерін, процесті басқару машықтарын жетілдіреді әрі үнемі тексеріп отырады.

Компьютерлік кешендерде алған машықтары мамандарға болашақта белгілі бір жағдайларды дұрыс болжауға, адами факторлар мен төтенше жағдайларды азайтуға көмектеседі. Егер оқу-жаттығу кешенінде оператордың қателесуге құқығы болса, шынайы жағдайда мүлдем қате жіберуге болмайды.

- Қазір біз қондырғыны қосу имитациясын бастадық, түрлі жағдайларда, соның ішінде апаттық жағдайларда дұрыс әрекет ету қадамдарын қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар іске қосылған соң орын алуы мүмкін қиындықтарды, мәселен, электр энергиясы сөнген жағдайда қалай әрекет ету керектігін талқылаймыз, - дейді пропанды дегидрлеу өндірісінің операторы Дмитрий Горин. – Қазірдің өзінде компьютердің алдында отырып-ақ үлестірмелі басқару жүйесінің пультінде отырғандаймыз, алдағы жұмыстарды да зерделейміз.

Қоса кету керек, KPI-да қызметкерлерді даярлау тек компьютерлік кешендермен шектелмейді. ҚМГ және ресейлік «СИБУР» компаниясының әріптестігі аясында операторлар Тобольск қаласындағы СИБУР ірі интеграцияланған мұнайгаз-химия зауытында шынайы өндіріс жағдайында теориялық және практикалық оқудан өтуде.